Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртудың Ұлттық жобасы елімізге қандай пайда береді?

Қазақстандық электр энергетикасы Қауымдастығы еліміздегі энергетика инфрақұрылымын жаңғыртудың Ұлттық жобасында жылу электр стансалары мен коммуналдық желілерді жүйелеп алудың негізгі бағыттарын айқындады. Энергетика секторында жылдар бойы қордаланып қалған мәселені шешуді қолға алған Үкімет бағытын Қауымдастық та қолдап отыр. Екібастұз мен Риддер қаласының жылу электр стансасында болған апат еліміздегі жылу қазандықтарының қандай деңгейде екендігінен хабар берді. Тозығы жеткен қазандықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілмей келгені белгілі. Мамандардың айутынша, 2015 жылдан бастап Қазақстанда қуат көзін өндіретін стансаларға тариф үш жыл бойы бір қалыпта сақталды. Салдарынан жөндеу жұмысын іске асыруға қаржы тапшылығы пайда болды. Онымен қоса 2018 жылы электр энергиясын өндіріп отырған стансаларға тарифті 25 пайызға бірден төмендетудің салдары саланың дамуын тежеп тастады дейді мамандар. 2022-2023 жылдың өзінде тариф деңгейі 2018-2019 жылдардың деңгейіне сәйкес болған. Осы шешімдер стансалардың жұмысына кері әсерін тигізген.

  • Қазір “тарифті инвестицияға айырбастау” деген жоба жұмысын бастады. Жоба аясында электр және жылу өндірушілерге қомақты қаржы қарастырылады. Екіншіден, былтыр 25-ші желтоқсанда энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың Ұлттық жобасы бекітілді. Бұл тарихта бұрын соңды болмаған оқиға. Жоба аясында шамамен 13 трлн теңгеге дейін қаражатқа 5 жыл ішінде бүкіл Қазақстан бойынша жылу желілерін, жылу құбырларын және электр желілер қалыпқа келтіру көзделіп отыр. Атап айтқанда 1622 шақырым жылу желісі, сонымен қатар энергетикалық нысандарға жаңа жылу жүйелері қосылатын болады. Бұл ретте аймақтарға басымдылық беріледі. Өйткені өңірлерде желілер 65-70 пайызға тозып кеткен. Жалпы осы жоба аясында тозу деңгейін кем дегенде 20 пайызға дейін азайтудың бағдарламасы бекітілді. Ашығын айтқанда осы жоба негізінде тарифтер шамамен 2 есеге дейін өседі деген болжам бар. Соның негізінде қаражат көзін ұлғайтып, мамандар жалақысын көтеру және жөндеу жұмыстарының көлемін арттыру мәселесі тұр дейді Қазақстандық электр энергетикасы Қауымдастығының Төрағасы Талғат Темірханов.
    Қымбатшылық қысқан кезеңде жылу және электр энегиясының төлемі ұлғаятын болса, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылары үшін оңайға түспесі анық. Талғат Темірхановтың айтуынша Ұлттық жоба аясында халықтың аз қамтылған бөлігіне арналаған арнайы жүйенің іске қосылатындығын жеткізді.
  • Ұлттық жоба немесе тарифті инвестияға айырбастау жобасы аясында аз қамтылған азаматтардың шығындарын азайту мақсатында жергілікті атқарушы орган коммуналдық қызметтер үшін азаматтардың шығындарының бір бөлігін өтеу тетігін іске асыратын болады. Өзгеріске сәйкес азаматтар отбасылық табысының 10 пайыздан аспайтын бөлігін тұрғын үй қызметтерін төлеуге жұмсайды. Бұл азаматтардың тоқсан сайынғы алатын өтамақы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда тұтынушылардың әлеуметтік жағдайына байланысты жергілікті әкімдіктен тиісті көмек сұрауға мүмкіндік болады. Осы жылдың ортасынан бастап бұл жұмыс ретке келтіріледі деді Темірханов. Талғат Темірхановтың айтуынша, Ұлттық жоба тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, жалпы мемлекеттің тұрақты дамуына жол ашады дейді.

Источник: ULT.kz